Ақтөбеде аудан әкімдігі тұрғындарды тегін бетпердемен қамту жолын тапты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Темір ауданында тұрғындарды тегін бетпердемен қамтамасыз ету үшін тігін цехтары жұмысқа кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қазір Ақтөбе облысында бетпердемен қамту өзекті проблемаға айналды. Дәріханаларда бұған дейін 20-30 теңгеге сатылған қорғаныш құралының бағасы 80-100 теңгеге жетті.

«Коронавирустың алдын алу мақсатында матадан бетперде тігіп жатырмыз. Елге өз пайдамызды тигізу үшін мақта матаны таңдап алдық. Балаларға және ересектерге арналған түрі бар. Аллергия тудырмайды, сапалы әрі жуып, үтіктеп қолдануға болады», - деді тігін цехының иесі Ләйлә Актурина.

Темір ауданы әкімдігінің шешімімен бетперделермен бірінші кезекте халыққа қызмет көрсететін мекемелердің (ХҚКО, Қазпошта, банк, аурухана мен дәріханалар) қызметкерлері және қызмет алушы тұрғындар қамтамасыз етілетін болады. Әзірге 15-20 мың дана бетпердеге тапсырыс берілді. Сұраныс артып жатқан жағдайда қосымша әзірленеді.


Тігіншілердің айтуынша, бір бетпердені дайындау үшін 10 минут уақыт кетеді. Бетперде барлық талапқа сай, ұзақ мерзімді қолданысқа арналған. Қазіргі уақытта Темір ауданындағы ахуал тұрақты.


Соңғы жаңалықтар