Ақтөбеде ауыл әкімі өз-өзіне қол жұмсамақ болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Алға ауданы Бестамақ ауылдық округінің әкімі өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Қазір сот алды тергеу жүріп жатыр.

Оқиға 7 шілде күні болды. Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталин 30 маусым күні еңбек демалысына шығып кеткен. Оқиға да сол кезде болып тұр. Аудан әкімі телефон арқылы байланыса алмағанын, ауруханада жатқанын естігенін ғана мәлімдеді.
— 7 шілдеде Алға аудандық ауруханасына 47 жастағы ер адам түсті. Қазір жағдайы тұрақты, жалпы палатада ем қабылдап жатыр. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 95-бабына сәйкес диагноз дәрігерлік құпия. Келісімсіз жариялауға тыйым салынады. Науқас келісім бермеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ал Ақтөбе облыстық полиция департаменті өз-өзіне қол жұмсауға оқталу дерегі бойынша сот алды тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Қазір мән-жай анықталып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде суицид жасаған оқушының өліміне қатысты іс бойынша тергеу жүріп жатыр.