Ақтөбеде ауыл әкімдігі мен ветеринарлар итті кім өлтіргенін білмейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғыны көшеде иттің өлексесі жатқанын хабарлады. Алайда әкімдік те, ветеринарлар да ит аулау жұмысы ресми жүргізілмегенін айтып отыр.

Бестамақ ауылындағы көшелерде иттің өлексесі жатқанын жергілікті тұрғын хабарлап, фотосын да қоса жүктеді.
Мұны Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев растады. Алайда итті аулау, жансыздандыру жұмысына әкімдіктің түк қатысы жоқ екенін айтты.
– Аудандық әкімдікте оған құзыреттілік жоқ, қажетті құрал-жабдық да қарастырылмаған. Қазіргі кезде жинап, көму жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді Асланбек Шүйіншалиев.
Ал Бестамақ ауылдық округі әкімінің аппараты әкімдік бұған дейін де ит ауламағанын, қазіргі кезде де бұл іспен айналыспайтынын хабарлады.
– Бұралқы иттерді аулау байқауы әлі жарияланған жоқ. Ауылдағы итті аулау, жансыздандыру ісіне облыстық ветеринария басқармасының қатысы жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі, полицияның бұл іске еш араласпағанын айтты.
Бұған дейін итті аулау, күтіп ұстау, стерильдеу және бірдейлендіру жұмысы үшін биыл 101 млн теңге қарастырылғанын жазған едік. Оның 57 млн теңгесі бұралқы итті аулауға жұмсалады. Ақтөбе қаласының өзінде 10 бригада аулау жұмысын жүргізіп жатыр.