Ақтөбеде аумағы үш гектар болатын жылыжай шаруашылығы неліктен банкрот болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жылыжайдың инфрақұрылымы тозған. Ал оны жаңартуға инвестиция табылмады. Kazinform сауалына Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жауап берді.
«Ақтөбе-Жылыжай» ЖШС-і 2012 жылы құрылған компания. 2014 жылы ауданы 3 гектар болуы тиіс жылыжайдың 1,5 гектары ғана қолданысқа берілді. Сол кезде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолдау көрсеткен. Бағасы төмен газ жылыжай жұмысына оң әсерін тигізуі тиіс болғанымен, арада он жыл өткенде компания жұмысын тоқтатты.
– Жылыжай қызметінің тоқтауына кәсіпорынның қаржылық жағдайының нашарлауы, өндірістік инфрақұрылымның тозуы және жылыжай кешенін толыққанды пайдалануға қажетті инвестицияның жеткіліксіздігі сияқты бірқатар экономикалық және өндірістік факторлар әсер еткен. Нәтижесінде кәсіпорын банкротқа ұшырап, жылыжай кешені ұзақ уақыт бойы пайдаланылмады, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы.
Банкрот болған жылыжай енді «Aktobe Greenhouse Complex» ЖШС-нің инвестициялық жобасына айналды. Ауданы 3 гектар болатын жылыжай кешенін қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынған.
- Бірінші кезең бойынша 1,5 гектар аумақта реконструкциялау жұмыстары аяқталып келеді. Алдағы уақытта қалған бөлігін кезең-кезеңімен қалпына келтіру және өндірістік қуатты іске қосу жоспарланып отыр, - деп жазды Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы.
Еске салсақ, 2022 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Ақтөбе-Жылыжай» ЖШС-ін сотқа берді. Сол кезде компанияның қарызы 2 млрд теңгеден асып кеткен.
Жалпы Ақтөбе облысында ауданы 47 гектар болатын 40 жылыжай шаруашылығы бар. Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқамасының хабарлауынша, үшеуі өнеркәсіптік үлгідегі, он бесі фермерлік үлгіде, қалғаны жеке қосалқы шаруашылықтарда. Былтыр Ақтөбе облысы бойынша жылыжайларда 17,6 мың тонна қызанақ және қияр өндірілді.