Ақтөбеде ауыл әкімі сайлауына қатысатын байқаушылар біліктілігін арттырып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қазір 181 байқаушы біліктілігін арттырып жатыр. Олар ауыл әкімінің сайлауын бақылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша 35 ауылдың әкімі сайланады. Ал сайлау барлығы 74 учаскеде өтеді. Қазіргі кезде саяси науқанға қатысатын байқаушылар дайындалып жатыр. Олардың көбі сайлау өтетін ауыл тұрғыны.
«Партиялық емес бақылау орталығы» сайлауды бақылайды және сайлау процесіне мониторинг жүргізеді. Еліміздің барлық өңірінде филиалы бар және сайлау кезеңінде саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқық пен бостандықты іске асырады. Біздің қоғамдық ұйым өзінің алдына елдегі сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуді мақсат етіп қойды. Қазіргі уақытта орталық байқаушыларды оқытып жатыр. Филиал бүгінде 181 байқаушыны қабылдап, біліктілігін арттыруды бастады»,- деді облыстық штабтың жетекшісі және «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Ерәділ Уббиниязов.
Айтып өтейік, байқаушыларымыздың тізіміне биыл Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауына қатысқан тәжірибесі бар түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
«Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы - саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретін өте маңызды оқиға. Мұндай дауыс беру елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын бақылау үшін бізде сайлауды бақылау саласында үлкен тәжірибесі бар команда құрылды. Ортақ күш-жігерімізбен Ақтөбе облысында ашық және тәуелсіз сайлау өткізуге елеулі үлес қосамыз деп санаймын»,- деді Ерәділ Уббиниязов.
Байқаушылар қатарында Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйым қауысдастығы, Тұтынушылардың құқығын қорғау кеңесі, Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі, «Аула клубы» қоғамдық бірлестігі және «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері бар.