Ақтөбеде ауыл әкіміне үміткерлердің орташа жасы - 40 жас

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 35 ауыл әкімі сайланады. Қазіргі кезде 111 адамның өтініші қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ауыл әкіміне үміткерлердің орташа жасы - 40 жас

Ақтөбе облысы бойынша кандидаттарды тіркеу жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде аумақтық сайлау комиссиялары 111 адамның өтінішін қабылдап үлгерді. Оның 64-і партия, 47-і өзін-өзі ұсынды.

«Орта есеппен әрбір округке 3-4 адамнан келіп тұр. Мәселен, Қобда ауданындағы бір округте 4, Шалқар ауданында 5 адам кандидат ретінде тіркелді. Барлығы 111 адамның 71-нің құжаты заң талаптарына сай келді. Өзгесі әлі тексеріліп жатыр. Тағы бір қызықты мәлімет, әкім болуға ниетті үміткерлердің 43-і сол округте тұрады. Өзгесі басқа ауыл, аудан, қаладан. Ер адам көп. Кандидаттардың 95-і ер адам болса, өзгесі әйел», - деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева.

Жас ерекшелігі де әртүрлі. 25-29 жас аралығындағы үміткерлер саны – 11. Ал 30-35 аралығындағы кандидаттар қатары – 32, 36-40 жас аралығында 18, 41-45 жас аралығында 15, 46-50 жас аралығында 19 үміткер бар. Ал 51-55 жас аралығындағылар саны 7, 56-60 жасқа дейінгі кандидат қатары - 8, 61-63 жасқа дейінгі бір үміткер тіркелді.

«Үміткерлердің орташа жасы – 40 жас. Тең жартысына жуығының педагогикалық білімі бар. Экономист, заңгер, инженер, фермерлер бар. Олардың 62-і мемлекеттік қызметкер болса, 28-і бюджеттік саладан. Қазіргі әкімдердің 10-ы да қайта сайлауға түсуге ниетті. Кандидаттардың екеуі жұмыссыз», - деді Гүлнәр Күнбаева.