Ақтөбеде ауыл әйелдері слеті өтті
Ақтөбе қаласына барлық аудан, ауылдың кәсіпкер әйелдері жиналды. Ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, бизнеске икемі бар ауыл әйелдерінің мүмкіндігін арттыруға бағытталған слет кезінде шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу жұмысы өтті. Қазіргі кезде облыста «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2 мыңнан астам әйел өз кәсібін ашты.
«Ақтөбе халқының 51 пайызын әйелдер құрайды. Көптеген қыз-келіншек мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет жасап отыр. Білім, денсаулық саласында үлкен жұмыс істеп жатыр. Ақтөбе облыстық көшбасшы саясаткер әйелдер мектебі, Іскер әйелдер кеңесі қызмет атқарып жүр. Бәрі әйелдердің мәселесін шешуге, көмекткесуге жүйелі жұмыс істеп жатыр»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Өңірде жетім, ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқорлыққа алу оң жолға қойылған. Балаларды кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар патронаттық тәрбие алып, олар пәтерлі болып жатыр. Ақтөбеде «Мейірім» орталығы да бар. Қазақстанда теңдесі жоқ жоба жетім балалардың білім алуына, өмірге бейімделуіне жағдай жасады. Дағдарыс орталығы ашылды. Онда 200-ге жуық адам паналай алады. Психолог, заңгерлер жұмыс істейді.
«Отбасы тәрбиесіне көңіл бөлу қажет. Ажырасу, тірі жетімдердің санын азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Зейнеткерлер клубы ашылды. Клуб жанынан Аналар кеңесі, «Әйел бақыты» келіндер клубы жұмыс істеп тұр. Аналарымыз жас отбасыларға тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар береді. Дау-жанжал туған жас отбасыларға кеңес беріп, шаңырақты сақтап қалуға көмек көрсетті. Клубдың филиалдары әр ауылда ашылады»,- деді Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева.
Айта кетейік, Ақтөбеде «Аналарға тағзым» орталығының құрылысы басталды. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында құрылысы жүріп жатқан орталық еліміздің өзге өңірлерінде жоқ және ешқайсысы әзірге мұндай бастама көтермеді.
«Аналарға тағзым» мұражайы Қазақстанда жоқ. Көп елде бұл жоба енгізілмеген. Бұл орталық келер жылы іске қосылады. Бұл отбасы құндылықтарын насихаттайтын, аналардың қадір-қасиетін арттыратын орталық болады. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға арналған Жұбановтар әлемі шығармашылық үйі жұмысын бастады. Бұл да үлкен жұмыс»,- деді Ербол Нұрғалиев.