Ақтөбеде ауыл маңына белгісіз зат құлады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Байғанин ауданының Ноғайты ауылы маңына белгісіз зат құлады. Қазір аумақ қоршауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Кожиковтың айтуынша, әзір әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметі ешқандай хабарлама түсірмеген.
«Ресми хабарлама әкімдіктен түседі. Бірақ оқиға туралы естідім. Алдымен төтенше жағдайлар қызметі мен санитар мамандар барып, радиацияның бар-жоғын анықтайды. Қазіргі уақытта эколог мамандар дайын. Біз топырақ сынамасын аламыз», - деді Ерболат Кожиков.
Әзірге жергілікті әкімдік қандай да бір ақпарат таратқан жоқ.