Ақтөбеде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні өтті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні өтті. Асыл тұқымды мал, құс көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Егін орып, қысқы мал азығын жинап алған шаруалар бүгін жылды қорытындылады. Биыл өңірде 170-тен астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері тексеріліп, 365 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта берілді. Өңірде суармалы жердің аумағы кеңейіп, 21,5 мың гектарға жетті. Еуропалық қайта құру және даму банкі өңірдегі суармалы жер телімдерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге көмек беріп жатыр. Жоспар бойынша 2020 жылы суармалы жер көлемі 40 мың гектарға жетеді. Сонымен қатар, дәстүрлі емес сала дамып келеді.

null 

«Үш жылдан бері қоян бағып, етін сатып жүрміз. Ақтөбе қаласы маңындағы ауылда өз шаруашылығымыз бар. Қазір 400-500қоян бағып отырмыз. Айына 100-120 қоян сойып, сатамыз. Алғашқы жылдары сұраныс аз болды. Бұрын қоян аулап, етін жеген адамдар шаруашылыққа келеді. Сауда орындарына қоян еті шығарылған соң сұраныс артты»,- деді «Жаңақоныс» ШҚ жұмысшысы Аман Қайыров. Шаруа қожалығының жұмысшылары шөп, су беріп, қоянның арнайы жемін береді. Ресейден әкелінген қояндар суыққа төзімді келеді. Ал «Шекшек ата» ауыл шаруашылығы кооперативі ешкі бағады. Шаруашылықта нубиялық, пәкістандық теке бар. Ал ешкілер Ресейден әкелінген. Ешкілер сүтті, күніне 5-6 литр сүт береді.

«Жылы жақтан жеткізілген теке мен ешкі салқынға шыдай алмайды. Сондықтан оларға арналған қора ішінде арнайы жылу жүйесі жүргізілген. Сүтін сатамыз, сүтінен қымыз дайындалады. Сүт зауытында өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 50-60 литр сүт сауда орындарына жеткізіліп жатыр. Сұраныс жоғары»,- деді «Шекшек ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің басқарушысы Мейрамбек Оразов.

null 

Ешкі шаруашылығын қолға алған кәсіпкер Ресейдің тәжірибесіне сүйенді. Шеберлік сабағына қатысып, ешкі бағудың қыр-сырын үйренді.

«Ешкі сүтінен қымыз жасау технологиясы тек Ақтөбе қаласында қолға алынды. Ешкі қымызы Қазақстанда жоқ. Технологиясы қарапайым. Құрамында ешкі сүті, қымызға қосатын ашытқы, су бар. Кейін ашытылады. Бұл асқазан ауруына пайдалы, иммунитетті көтереді. Алдағы уақытта шипажай ашу жоспары бар. Еліміздің әр өңірінде өтетін жәрмеңкелерге қатысып жүрміз», - деді кооперативтің басқарушы директоры Нұрбек Құдайбергенұлы.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, оларға алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, бүгін 13 киіз үй тігіліп, ат жарыс өткізілді. Орал қаласынан келген шабандоз Бүркіт Ералыс бірінші орын алды.

null 

Соңғы жаңалықтар