18:56, 02 Шілде 2010 | GMT +5
Ақтөбеде ауыратын үй жануарларын анықтау және егуге байланысты мақсатты шаралар қолға алынды
АҚТӨБЕ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбеде қауіпті инфекциялармен ауыратын үй жануарларын дер кезінде анықтау және егуге байланысты мақсатты шаралар қолға алынды. Бұл туралы қала әкімінің күнделікті кеңесінде әңгіме болды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

«Ақтөбе қаласының ветеринария бөлімі» ММ бастығы Темірбек Нұртазиннің айтуынша, Ақтөбе мен ауылдық жерлерде қазіргі күні 22,4 мың ірі қара мал, шамамен 2 мыңдай жылқы, 177 түйе, 33 мың қой мен ешкі, 11 мың шошқа бар. 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығында жануарларды егу 85 пайызға, ірі қара малды құрт ауруы мен бруцеллезге тексеру 90 пайызға, шағын қара малды тексеру 85 пайызға жүзеге асырылды.
Ауыратын малдардың иелеріне оларды сойып тастау немес аластау туралы ескерту қағазы беріліп, одан кейін мамандар үй жануарлары ұсталған қора-жайларға зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Көп жағдайда ауыратын малдар иелері тарапынан облыстың өзге аудандарынан әкелініп отыр, дейді Темірбек Нұртазин.