Ақтөбеде авиазауыттың экс-басшысы сот алында жауап беріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Геннадий Мезенцев Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша тағылған айыппен келіспеді. Сотта сотталушыдан жауап алу аяқталды.
2017-2021 жылдары аралығында «Авиажөндеу зауыты № 406 ГА» АҚ-ның президенті қызметін атқарған Г.Мезенцев былтыр «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпталып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол кезде 2018-2020 жылдары МИ-2 тікұшағының қосалқы бөлшектерін, агрегаттарды негізсіз есептен шығарғаны үшін айып тағылды.
Арада бір жыл өткенде екінші іс сотқа түсті. Бұл жолы да Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды.
- Геннадий Мезенцев жөндеу бағасын белгіледі және жөндеу кезінде қажет болмаған қосалқы бөлшектерге тапсырыс берді. 2018-2021 жылдар аралығында қосалқы бөлшектерді сатып алып, негізсіз есептен шығарып отырған. Аудиторлық тексеру кезінде 2018-2021 жылдар қамтылды. Сол уақыт аралығында «Авиасервис Актобе» ЖШС, «Батий Н.Р» ЖК-мен 1 679 858 077 теңгенің келісімшарты жасалды. Қорытындысында 110 918 829 теңгенің қосалды бөлшектері негізсіз есептен шығарылғаны анықталды, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурор айыптау қорытындысында «Батий Н.Р» ЖК-нің басшысы оның бірге тұратын әйелі, ал «Авиасервис Актобе» ЖШС-нің басшысы жақын танысы деп атап өтті. Алайда айыпталушы екі компаниямен зауыт арасындағы келісім өзі президент қызметіне тағайындалғанға дейін жасалғанын айтты. Іс материалына сүйенсек, Геннадий Мезенцев 2017-2021 жылдар аралығында «Авиажөндеу зауыты № 406 ГА» АҚ-ның президенті болды. Зауыт 1939 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Сотта куәгер болған экс-басшының бірі Қуандық Қадірбаевтің айтуынша, зауыт 2002 жылға дейін коммуналдық кәсіпорын болып, кейін жекенің қолына өтті. Қазіргі акционерлері: MIC Aero Holding S.a.r.L, «Капитал-Инвест» компаниясы, «Авиажөндеу зауыты №405» АҚ мен Айсұлу Дүйсенбаева. Зауытта АН-2 ұшағына, МИ-2 тікұшағына, қозғалтқыштарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сот отырысы жалғасып жатыр. Сотталушының қорғаушылары аудит қорытындысына күмән кілтірді. 2024 жылдағы қылмыстық істе көрсетілген деректер 2025 жылдағы істе де көрсетілгенін айтып, қайтадан мемлекеттік сот-экономикалық сараптама тағайындауды сұрады.
Сот отырысы келесі аптада жалғасады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті «Авиажөндеу зауыты № 406 ГА» АҚ-ның бұрынғы басшысына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүрді.
2022 жылы зауыт басшысы тапсырыс аз екенін айтып, қаржылық-экономикалық қолдау сұраған болатын.
Кейін жаңа басшылық тағайындалып, аудит тексеруін ұйымдастырған.