Ақтөбеде автотұрақтағы көліктердің қосалқы бөлшектері тексерілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көлікті ұрлап, бөлекшектерін сатып жіберетіндердің алдын алу мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде автотұрақтағы көліктердің қосалқы бөлшектері тексерілді

Ақтөбе қаласының аумағында «Көлікті айдап әкету» жедел алдын алу шарасы жүргізілді.

Шараның мақсаты – техникалық қызмет көрсету станцияларының жұмысындағы заңдылықты тексеру, қала аумағында орналасқан автобөлшек сату орындарын бақылау.

Рейд автотұрақта ұрланған көліктің бар-жоғын, ұрланған автокөліктер мен қосалқы бөлшектерді сатып алумен және өткізумен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталды.

«Өткен жылы 13 автокөлік ұрланды. Сондай-ақ 18 автокөліктің бөлшегін ұрлау дерегі анықталды. Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері автокөлік ұрлығы қылмысының алдын алу, жолын кесу және анықтау бойынша ауқымды шараны жалғастырады», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.