Ақтөбеде Аяз ата мен Ақшақар «көше» аралап жүр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарт - Ақтөбеде Аяз ата мен Ақшақарлар байқауына 14 ұжым қатысты. Олардың арасында мектеп мұғалімдері мен өндіріс орындарының жұмысшылары бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Аяз ата мен Ақшақар «көше» аралап жүр

Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Аяз ата мен Ақшақарлар байқауы өтті. Күні бойы сауда, ойын-сауық кешендерін аралап, балалардың өлеңі мен тілегін тыңдаған олар би билеп, ән айтты.

Ақтөбе қалалық мәдениет білімінің хабарлауынша, Аяз ата мен Ақшақарға флэш моб билеу, құттықтықтау арнап, театрландырылған көрініс қою міндеттелді.

«Көше аралап, халықты жаңа жылмен құттықтадық. Бәрі ерекше қуанышты. Балалар өлең айтып, сый алды. Өмірімде бірінші рет Аяз ата киімін киіп, халыққа қуаныш сыйлап жүрмін. Көңіл-күйіміз жақсы, кездескен кез келген адам суретке түсіп, қуанып жүр»,- деді Мұрат Саргулин.

Ал Ақшақар Мадина Инжилисованың айтуынша, олар байқауға бір апта бойы дайындалған. Екеуі де №23 орта мектепте жас маман болып жұмыс істейді. Бірі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал Ақшақар психолог.

«Біз үшін Аяз ата мен Ақшақар болу өте қызық. Адамдар жақсы қарсы алып, тілектерін жеткізеді»,- деді Мадина Инжилисова.

Аяз ата мен Ақшақарлар байқауына қатысушылармен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кездесіп, бәріне сәттілік тіледі.

«Аяз ата мен Ақшақар халыққа ерекше қуаныш сыйлап, тілек айтады. Байқауда сәттілік тілеймін. Бәріңізді 31 желтоқсан күні саябақта күтеміз. Үздіктер сол кезде марапатталады»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.