Ақтөбеде азық-түлік бағасын өсірген кәсіпкерлер жазаланды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Үстемақыны 15%-дан асырған кәсіпкерлерге 3 млн теңге айыппұл салынды. Олар азық-түлік бағасын 20 пайыздан 270 пайызға дейін өсіріп жіберген.
Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы үнемі бақылауда. Азық-түлік сататын кәсіпкерлер үстемеақыны 15%-дан асырмауға тиіс. Ал 167 кәсіпкер бұл талапты сақтамады.
— Жыл басынан бері облыста 167 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапқа тартылды. Салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы — 3 млн теңге. Көбіне картоп, пияз, сәбіз, күріш, күнбағыс майы және басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде бұзушылық тіркелген. Баға рұқсат етілген сауда үстемесінің мөлшерінен асып, 20 пайыз, кей жерде 270 пайызға дейін жеткен. Барлық бұзушылықтар тіркеліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабының 1-бөлігіне сәйкес шара қабылданды, — деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.
Еске салсақ, Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін бақылау күшейтілді. Биыл жыл басынан бері 150-ден астам заңбұзушылық анықталып, талапты алғаш бұзған кәсіпкерлерге де бірден айыппұл салу қарастырылған.