Ақтөбеде бақташысы жоқ 200-ге жуық мал арнайы қораға қамалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Мал ұрлығы» жедел алдын-алу шарасы өтті. Акция аясында екі мал ұрлығы дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде бақташысы жоқ 200-ге жуық мал арнайы қораға қамалды

Мал ұрлығын болдырмау және ескерту мақсатында Ақтөбе облысы Әйтеке би, Қобда, Ойыл, Шалқар аудандарының аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын-алу шарасы өтті.

Себебі бұл аудандарда мал ұрлығы жиі тіркеледі.

Жедел алдын алу шарасы кезінде полиция қызметкерлері мал ұрлығының 2 фактісін анықтады.

«Бір апта ішінде мал және ет өнімдерін тасымалдаған 14 автокөлік, мал және ет өнімдерін сататын 6 орын тексерілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары тексерілді. Онда тиісті құжатсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 3 дерегі анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтыру үшін материалдар ветеренарлық қызметке жолданды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, учаскелік полиция инспекторлар малын қараусыз қалдырғандарды да анықтады.

176 бас мал жергілікті атқарушы органдар салған арнайы қораға қамалды.