Ақтөбеде «Бақытты бала» бірінші вокалдық байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласында халықаралық «Бақытты бала» байқауы қорытындыланды. Бас жүлде екі өнерпазға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде бүгін «Бақытты бала» вокалдық байқауы қорытындыланды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, байқауға 10-15 жас аралығындағы 20 өнерпаз қатысты. Барлығы 420 өтініш түскен болатын. Фестивальдің гала концерті кезінде «Витебскідегі Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы Луиза Нұрқуатова, «Славян базары-2017» байқауының жеңімпазы Влад Сытник, армян әншісі Джордан Аракелян, әуе гимнасты Анастасия Дидух пен «Голос. Діти» вокалдық конкурсының жеңімпазы Данелия Төлешова және әнші Димаш Құдайберген ән шырқады. Сонымен қатар, ең үздік өнерпаздар ән айтты.

«Біз қосымша күш, жігер, қайрат алдық. Өнердің, мәдениеттің құдыреті осында. Бәріміз өнердің алдында басымызды иеміз. Дүниеде баладан асыл, балалан тәтті ештеңе жоқ. «Бақытты бала» акциямыз да осы балаларға арналған. Димашқа, Қанат Айтбаевқа алғысымызды айтамыз. Акция аясында Қазақстанда бірінші рет вокалдық байқау өткізді. Әрі өңірге 10 мемлекеттің өкілі келді. Бұл Ақтөбе үшін мереке, қуаныш. Өзге елдің азаматтары келген қонақтар арқылы Ақтөбе қаласын, Қазақстан мемлекетін біледі»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Байқау қорытындысында жүлдесіз қалған ешкім болмады. «Baqytty bala» халықаралық вокалдық балалар фестиваль-байқауының бас жүлдесін ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова, Ержан Максим алды. Әр өнерпазға 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етілді. Ақтөбелік Миржан Жидебай, павлодарлық Мария Затварницкая және Алматыдан келген Айкенай Ордина I дәрежелі лауреат атанып, әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Ақтөбе облысынан қатысқан Cанат Асуат, Грекия өнерпазы Иоаннис Лазопулос, ақтөбелік Рахман Сатиев II дәрежелі лауреат атанды. Оларға да 500 мың теңгеден берілді. Ал Мария Махлина, Назгүл Байменова, Робия Мирзаева III дәрежелі лауреат атанды. Жүлдегерлердің әрқайсысына 500 мың теңге берілді. Вокалдық балалар фестиваль-байқауының «Көрермендер көзайымы» номинациясының иегері Сая Сейлханова, «Үміт» номинациясының иегері Еркін Қажымұрат, «Сахна сүйкімдісі» номинациясының иегері Сания Алтынбекқызы, «Достық елшісі» номинациясының иегері Арина Диденко, «Үміт» номинациясының иегері Аделина Мұхаметжанова болды. Өнерпаздар Любовь Гриценко, Балауса Сансызбай, Әсия Мұсағалиева «Baqytty bala» халықаралық вокалдық балалар фестиваль-байқауының дипломанты атанды. Ал «Жолдасов production» продюсерлік орталығының арнайы сыйлығы Ерасыл Мұқановқа бұйырды. Ол тегін ән жаздыра алады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақтөбелік өнерпаз Нарғыз Жанұзақова Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысады.

«Димаш Құдайбергенді көру үшін байқауға арнайы қатысып, бүгін бас жүлдені алып отырмын. Тіпті, жеңімпаз атанамын деп ойлаған жоқпын. Қуанышымда шек жоқ. Байқау арқылы көп дос таптым әрі өзім армандаған әнші ағам Димаш Құдайбергенмен кездестім. Жылағым келіп тұр, бірақ көзімнен жас шықпады»,- деді бас жүлде иегері Ержан Максим. 

Соңғы жаңалықтар