Ақтөбеде бала ұрған тәрбиеші ісі бойынша комиссия шешімі шықты

«Тексеру кезінде балаға күш қолдану дерегі расталды. Облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезі шипажайы бас дәрігеріне қатаң сөгіс беріліп, бас дәрігердің орынбасары жұмыстан кетті. Оқиғаға куә болған, бірақ еш шара қолданбаған медбикеге қатаң сөгіс жарияланды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Білім саласының қызметкерлері де жазаланды. Ем қабылдап жатқан баланы ұрып-соққан екі тәрбиеші жұмыстан босатылды. Комиссияның тексеру жұмысынан соң психолог өз еркімен жұмысынан кетті. Шипажайда тәрбие жұмысына жауапты қызметкер де 10 наурыздан бастап жұмыстан шығарылды.
Айта кетейік, 1 наурыз күні болған оқиға елді шулатқан болатын.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, Алматы аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабы бойынша іс қозғалып, тергеуді бастады.
Бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды.