Ақтөбеде балабақша тәрбиешісі жастан асқан баланы ұрды деген күдікке ілікті
Ақтөбеде 1 жастан асқан Ясминнің ата-анасы полицияға арыз жазып, қызының балабақшада таяқ жегенін айтып отыр. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есенжоловтар отбасының тұңғышы Ясмин 1 жастан асқанда балабақшаға барды. Анасы алғашқы екі күнде түске дейін қалдырып, кейін күні бойы күту тәртібіне ауыстырды. Сол күні-ақ тәрбиеші баланы ұрғанын айтып, шағым түсіріп отыр.
«Қызым Ясмин 1 жас 3 айда. Жас отбасымыз. Жұмысқа кірісейік, бір-бірімізге демеу болайық деп қызымызды балабақшаға бердік. Ақылы балабақша. Қазіргі атауы - «Самира». Барған кезде меңгерушісі бәрін көрсетіптаныстырды. Маған, күйеуіме қатты ұнады. 5 қыркүйек күні балабақшаға апардым. Екі күн бақылау жүріп, түсте алып кеттім. Қызым балабақшаға барған күннен бастап түнде шошынып оянды, кейде шыңғырады. Сосын отырып, құсады. Анама хабарласып сұрадым. Үйренеді деген соң мән бермедім. 16-қыркүйек күні сауда орнына барып, киім алмақ болдым балаға. Бір келіншек келіп, «Самира» балабақшасына барып-бармайтынын сұрады. Маған қызық болды. «Бермей-ақ қойыңызшы» деген соң себебін сұрадым. Ол сол жерде 3 күн тәрбиеші болған екен. Қызымды таныды. Оның таяқ жегенін айтты. «Ұрды, лақтырды, әжетханаға апарып ұрды» деп тұр. Естігенде аяқ-қолым дірілдеп тұрды. Куәгер болуға келіскен соң сол жерде тұрып 102 нөміріне хабар бердім»,- деді Назира Нәдірбай.
Оның айтуынша, полиция бөлімшесіне балабақша меңгерушісі, тәрбиеші шақырылған. Кейін полиция бейнебақылау камерасын қарап, дерек расталды.
«Камерадан қарағанда ұрғаны көрініп тұр. Басқа балаларды ұрған да шығар, маған көрсетпеді. Мен де қарадым. Қызым кереуетте отырғанда басынан ұрған екен. Әрі қарай көре алмадым. Апайы жалып, кешірім сұрады содан кейін. Бірден емханаға бардым. Бала бас-ми жарақатын алған. Үйге адамдар келіп, істі жабуды сұрады. Жан-жақтан хабарласты. Жұмыстан шығартып жіберген. Моральдық шығынды 3 млн теңге деп сұрадым. Балабақша 2 млн теңге, тәрбиешіге 1 млн теңге деп айттым»,- деді Назира Нәдірбай. Өзі музыка пәнінің мұғалімі, ал жолдасым «Күзет» қызметінде істейді. Бұл оқиғадан Ақтөбе қалалық білім бөлімі хабардар.
«Бізге полициядан хабар келді. Енді біз зерделеуге барамыз. Негізі бұл балабақша мемлекеттік тапсырыс алады. Зерделеу кезінде соның орындалуы, оқу процесінің жүргізілуі қаралады. Ертең таңнан бастаймыз»,- деді қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева. Ал балабақша тәрбиешісі өзінің қалада емес екенін айтқанымен, өзіне тағылған айыпқа қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі, шағым түскенін, барлық материалдың қалалық білім бөліміне жолданғанын хабарлады.
Кейін арыз түсірген Назира Нәдірбай ортақ келісімге келіп, арызын қайтарып алғанын айтты.