Ақтөбеде балабақшаны сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер қарызға батты
Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығының ғимаратын алып, сенімгерлік басқарумен балабақша ашпақ болған кәсіпкер Әсемгүл Балқыбаева күтпеген жағдайға тап болды. Ғимарат ішімен танысқанда бәрі түгел болатын. Кейін орталық көшіп, ішіндегі жылу батареялары мен есік, электр тоғы, линолиум тоналған. Ішкі істер органдарына арыз жазған кәсіпкер кінәлі адамды алдымен өзі іздеп, тергеу жұмыстарына араласты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, іс тергеліп, сотқа жолданды.
Іс материалдарына сүйенсек, балабақшаға арналған ғимараттың жылу батареяларын жұмыспен қамту орталығының шаруашылық меңгерушісі Балқияш Молдагереева алып кеткен. Оны арнайы өткізу орындарына тапсырған. Судья Гүлнар Тлепова айыпталушы Б.Молдагерееваға1 жылға шартты түрде жаза тағайындады.
Сонымен қатар, ол ғимараттан ұрланған батареялардың 664 мың теңге материалдық шығынын өтейді. Кәсіпкер сот шешімімен келіспей, азаматтық сотқа арыз жазуға дайындап жатыр. Ол батареяның шығыны 4 миллион теңге деп отыр.
«Қылмыстық іс қаралды, үкім шықты. Бар болғаны 664 мың теңге шығын есептелді. Бұл үкіммен келіспеймін. Менің шығыным өте көп. Мәселен, мен ғимаратқа жаңа батареяларды сатып алу үшін 1,6 миллион теңгеден астам қаржы жұмсадым. Ал техникалық қызметке 1,2 миллион теңге бердім. Қосалқы бөлшектер үшін тағы 800 мың теңге төленді. Барлығы 4 миллион теңге болады. Бәрінің құжаты бар»,- деді жәбірленуші Әсемгүл Балқыбаева.
Кәсіпкер балабақша ғимаратын сенімгерлік басқаруға алып, ол үшін 6 миллион теңге қаржысын салды. Егер ол балабақша ашу ойынан бас тартса, кепіл ретінде берілген қаржы кері қайтарылмайды. Талап бойынша желтоқсанда балабақша ашылып, кезекте тұрғандарды қабылдауы тиіс.
«Балабақша ашу үшін бауырым үйін сатып, әкемнің үйі кепілге қойдым. Қазір 50-ге жуық бақшаға қабылданды. Ал өзім әлі сотта жүрмін. Енді азаматтық сотқа арыз түсіріп, шығынды өндіргім келеді. Сонымен қатар, линолеум мен есіктерге қатысты қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр. Ол іс те сотқа жетуі тиіс. Бұл шырғалаңы көп жұмыс болды. Мекеменің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі айыпталғанымен, басшылар жауап бермеді»,- деді кәсіпкер.