Ақтөбеде балалардың демалуына жағдай жасалады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақбөбек - Восток» балаларды сауықтыру мекемесіне барды.

Ол Ақтөбедегі лагерьлерде көрші аймақтардан келген балалардың да демалуы керектігін айтты. «Ақбөбек» сауықтыру орталығының құрылтайшысы Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, бұл мекеме 16 жылдан бері балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып келеді. Осы уақыт ішінде лагерьде 15 мың бала демалған, деп жазады egemen.kz.

«Ақбөбек - Восток» лагеріне тиесілі аумақ түнде жарықтандырылып, тәулік бойы күзетіледі. Жазда алты кезең бойынша лагерь ұйымдастырылып, әр кезеңде 250 бала демала алады.  Жыл сайын жаз мезгілінде мұғалімдер мен студенттер үшін 50 жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнда оқушылардың жазғы демалысты жақсы өткізуі үшін барлық жағдай жасалғанын, лагерьге аймақаралық кооперация аясында Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарының оқушыларының да келіп, демалулары керектігін атап өтті. Лагерьде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген медициналық блок, кинозал, концерт, спорт алаңдары, бейнелеу өнері, дизайн, экстрим, дойбы-шахмат үйірмелері бар.

2015 жылы мұнда ағаштар мен тіректерге орналастырылған аттракциондар саябағы ашылды, биыл саябақтың екінші кезеңі іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар