Ақтөбеде банк қызметкері алаяқтардың алдын орап кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде зейнеткер 3,5 млн теңге несие рәсімдеп, оны алаяқтың есепшотына аудармақ болған. Банк қызметкері бірден сезіктеніп, полицияға хабар берген.

Ақтөбеде банк қызметкері алаяқтардың алдын орап кетті
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Бейтаныс адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырып, әйелді несие алуға көндіреді. Хромтау ауданының тұрғыны несие рәсімдеп, ақшасын қаладағы банк арқылы аудармақ болады. 

- Клиентке бірнеше сұрақ қойып, мән-жайды анықтағым келді. Ақшаны кімге аударатынын сұрадым. Сол кезде ол ашуланып, өз қаржысын қайда, кімге аударса да өзі білетінін айтты. Күдіктеніп, ақшаны қайдан алғанын, қанша сома аударатынын нақтыладым. Туысының ауырып жатқанын, соған қажет екенін айтып, түсіндірді. Ал қазір прокуратура, полициямен бірге алаяқтардың жолын кесу үшін жұмыс жүріп жатқанын білеміз. Содан мен полиция шақырып едім, олар 2 минутта жетті. Клиент сонда да келіспей, қарсылық білдірді. Үйіне кетіп қалып, кейін шынымен алаяқ екенін білді, - деді банк қызметкері Данагүл Мырзатаева. 

Ақтөбе облыстық полиция департаменті қырағы қызметкерді шақырып, алғыс хат берді. Қалалық полиция басқармасы Киберпол тергеу бөлімінің бастығы Еркебұлан Қайназаровтың айтуынша, әйел рәсімдеген несие қаржысын банкке кері қайтарды. 

- Әйел ауданда жүріп несие рәсімдеген, кейін қалаға келіп, алаяқтың есепшотына ақша аудармақ болады. Сол кезде банк қызметкері күмәнданып, полицияға хабарласады.  Жыл басынан бері қалада 160-тан астам іс тіркелді. Интернет алаяқтары көбіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полициядан хабарласатынын айтады. Сонымен бірге адамдардың жеке мессенджері бұзылады. Онлайн сатып алуда да алдайды, - деді Еркебұлан Қайназаров. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде интернет алаяқтарына алданған адамдардың ақшасын алып, оны «жұмыс берушісіне» аударып отырған күдікті ұсталды. Ол Ресейге қашып кетпек болды

Соңғы жаңалықтар