Ақтөбеде бау-бақша тұрғындары электр қуатын тым қымбатқа сатып алып отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы бау-бақша ұжымының тұрғындары электр желісін балансқа алып, тарифті заң аясында реттеуді сұрады.

Ақтөбе қаласы аумағындағы бау-бақша ұжымдарының тұрғындары электр қуатының әр кВт 18-20 теңге төлейді.
Қарапайым тұрғындар 14,88 теңге төлеп отыр.
Халық электр тогын жеткізуші «Энергосистема» ЖШС-іне тарифті көтермей, желілерді балансқа алуды сұрады.
— Біз желіні балансқа алса дейміз. Себебі жарық сөніп қалғанда электрик маман жалдауымыз керек. Сонымен бірге желіде жоғалту болса, оны біз бөліп төлеуіміз. Біз екі жылдан бері осы мәселені көтеріп жүрміз. Әрқайсысымызға жеке шот берсе, ол да жарайды, — деді бау-бақша ұжымының төрағасы Сайрамбек Аймағамбетов.
Ақтөбе облысы тұрғындарына электр тогын тасымалдап отырған «Энергосистема» ЖШС қазір саяжай аумағындағы үйлерді балансқа алу қарастырылмағанын жеткізді.
Серіктестіктің атқарушы директоры Марат Аманғалиевтің айтуынша, қазірдің өзінде компания жылына 247 млн кВт/сағ сатып алып отыр.

— «Энергосистема» ЖШС балансында 15 мың шақырымға жуық желі бар. Сонымен бірге 1700 шағын станса, трансформатор қарастырылған. Біздің тарифіміз соған есептелген. Біздің өзіміз жылына 247 млн кВт/сағ сатып аламыз. Бұл жоғалтқан электр тогының орнын толтыруға жасалған амал. Сол секілді тұрғындар да жарты жолда жоғалған электр қуатының ақшасын бөліп төлейді. Мәселен мен дүкенге нан алуға барсам, олар ақша сұрайды, болмаса бермейді. Егер бір адамның үйінде таратушы құрылғы тұрса, сізден 60-70 адам электр тогын аласа, бәрі бірігіп, шығына жауапты. Орта жолдан біреу ұрлап, жасырын алса, оның да шығыны тең төленеді. Бау-бақша ұжымдарындағы желіні жөндеуге бізде қаржы қарастырылмаған. Біздің өзіміздің жұмысымыз бен шығымыз ғана есептелген. Бау-бақшаның санаулысын ғана алдық. Иесіз деп танылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық балансына алынғаны да бар, — деді Марат Аманғалиев.
Қоғамдық қабылдау өткізген облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов бау-бақша ұжымдарындағы электр желісін тексеріп, балансқа алу жұмысы қолға алынғанын айтты.
Еске салсақ, боранды күні Ақтөбеде 50-ден астам ауылда жарық сөнді.
Ақтөбе қаласы бойынша бау-бақша ұжымдарындағы электр тогын жөндеу қиынға соғып, тұрғындар өз наразылығын білдірді.