Ақтөбеде бетперде киген екі адам жүргізушіні тонап кетті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында бетперде киген екі адам фармацевтикалық мекеменің жүргізушісін тонап кетті. Ірі көлемде ақша ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қандыағаш қаласынан шығар жолда медицицалық бетперде киген белгісіз екі адам фармацевтикалық фирмалардың бірінің көлік жүргізушісіне күш қолданып, ірі көлемдегі қаржысын алып кетті. Олар «Ваз» көлігімен жасырынып үлгерген. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілердің кім екені анықталды. Екі күдікті де ұсталды. Оларға қатысты соттың санкциясымен қамауға алу туралы бұлтарпау шарасы қолданылды», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, екі күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Олар Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша жауап береді. Тергеу жүріп жатыр.