Ақтөбеде биыл 1370 адамнан қатерлі ісік анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде биыл 1370 адамнан қатерлі ісік анықталды. Оның 100-ге жуығы ауру асқынған кезде белгілі болған.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің медицина орталығында сүт бездерінің қатерлі ісігін алдын алып, ерте анықтау үшін ашық есік күні өтті. «Қызғылт қазан» айлығы аясында қала тұрғындарын онкомаммолог дәрігері қабылдап, кеңес берді. Сонымен қатар көрсеткіштер бойынша маммографиялық және ультрадыбыстық зерттеулер жүргізілді.

- Сүт бездерінің қатерлі ісігі әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Аурудың негізгі белгісі — сүт бездері тінінде бір немесе бірнеше ісік түзілімдерінің пайда болуы. Ашық есік күнінде 76 әйел дәрігерлік кеңес алып, 35 әйелге ультрадыбыстық және маммографиялық зерттеулер жүргізілді. 29 әйелде мастопатия анықталды. Бұл — тіндердің патологиялық өсуімен қатар жүретін сүт безі ауруы. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 1370 адамнан қатерлі ісік анықталды. Яғни 350 науқас І, 544 науқас ІІ, 309 науқас ІІІ, 97 науқас ІV сатымен тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 5,4% төмендеді. Жаңа технологиялардың енгізілуі, орталықтың материалдық-техникалық базасының жақсаруы мен дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің артуы науқастарға жүргізіліп жатқан емнің тиімділігіне әсер етті, - деді Медицина орталығының онкологиялық қызмет үйлестірушісі Олжас Оразаев.
Еске салсақ, Медициналық орталық жылына бірнеше рет ашық есік күнін өткізеді. Жалпы Қазақстанда қатерлі ісікті емдеуге арналған тағы екі препаратты биыл шығарады.