Ақтөбеде биыл 40 қазандық пен 500-ге жуық тұрғын үй жөнделеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 18 млрд теңге жұмсалады. Қазіргі кезде жылу, ыстық және салқын су және кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

ТЭЦ Алматы
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында 2500-ден астам көпқабатты үй, 600-ден астам қазандық болса, биыл шамамен 500-ге жуық тұрғын үй мен 40 қазандық жөнделеді. Жөндеу және отын дайындау жұмыстарына 18 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. 

— Ақтөбе қаласында Ақтөбе жылу электр орталығы 1941 жылы салынған. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жол картасына сәйкес 908 млн теңгеге 13 қазандық пен 8 турбоагрегатты жөндеу жоспары бекітілді. Кейбіріне күрделі, кейбіріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Ақтөбе жылу электр орталығында тозу деңгейі орташа 41% құрап отыр. Республика бойынша орташа деп айтуға болады. Былтыр ешқандай да апатты жағдай тіркелмеді, - деді Ақтөбе облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарова. 

Ал қаладағы су, жылу және кәріз жүйесіне жауапты мекеме қазір жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. 

— Инвестициялық бағдарлама аясында су жүйесін қамтамасыз ету бойынша 13 жоба бар. Жалпы ұзындығы 18,6 км құрайды. Кейбірін мердігер мекеме, кейбірін компания жұмысшыларының өздері жүргізеді. Қазіргі кезде жол, жүргіншілер жолын қазбай, бұрғылау жұмысы арқылы құбыр төсеу әдісі тиімді. Сонымен бірге Ақтөбе қаласында 3,3 шақырым болатын кәріз құбыры ауыстырылады. Қалада кәріз сорғы стансасын да жөндейміз. Жылу құбыры бойынша 8 жоба бар. Оның ұзындығы 2,5 шақырым болады. Ең ескі құбырлар ауыстырылып жатыр. Оларға 40-50 жыл болған, - деді «Aqtobe su-energy group» АҚ күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Әлихан Такилов.