Ақтөбеде биыл 756 мың гектар жерге егіс салу жоспарланды

Егістік
Фото: Виктор Федюнин/ агентство Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл Ақтөбеде егіс алқабының аумағы 756 мың гектар болады. Көбі дәнді дақыл.

Ақтөбе облысында көктемгі егіс науқанына дайындық жүріп жатыр. Барлығы 756 мың гектар жер жыртылып, игеру жоспарланса, оның 446 мың гектары дәнді дақыл. Ал 237 мың гектарға мал азығы егіледі. Сонымен бірге 11 мың гектар жерге картоп пен түрлі көкөніс өсіріледі. 

- Егіс жұмыстарына 49 мың тонна тұқым қажет деп отырмыз. Қазіргі кезде оның 43 мың тоннасы бар. Қалғаны егіс жұмыстары басталғанға дейін жеткізіледі. Жалпы тұқым алдын ала зертханалық тексеруден өтуі тиіс. Бүгінде тұқымның 96 % кондициалы болып тұр. Сонымен бірге 7,2 мың тонна дизель отыны қажет болады. Оларды жеткізуді екі оператор мойнына алып отыр. Шаруашылықтарға литріне 249 теңгеге жеткізіледі,- деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев. 

Егіс жұмыстары үшін «Кең дала» бағдарламасы аясында 2,3 млрд теңге қаржы бөлінеді. Шаруалар 5% үстемақымен несие рәсімдей алады. Қазіргі кезде оның тең жартысына өтінім берілген. Сонымен бірге өсімдік шаруашылығын субсидиялау үшін 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар