Ақтөбеде биылғы өрт шығыны 151 млн теңгеге жетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыста биыл 359 өрт тіркелді. Өрттің көбі тұрғын үй секторында болған. 

Ақтөбеде биылғы өрт шығыны 151 млн теңгеге жетті
Фото: ТЖМ

Ақтөбе облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрхат Қалдыбаевтің айтуынша, өрт кезінде барлығы 5 адам көз жұмып, 9 адамды күйік шалды. Тіркелген 359 өрттің көбі тұрғын үй секторында болды. Сонымен бірге көлік те жиі жанған.

— Материалдық шығын — 151 млн теңге. Өрттің 151-і тұрғын үй секторында болды. Сонымен бірге 136 көліктен өрт шықты. Қала мен аудан әкімдіктерімен бірге әлеуметтік жағынан осал топтар санатына жататын 7389 тұрғын үй есепке алынды. Бүгінгі таңда департамент қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган мамандары бірлесіп 1150-ден астам үйді аралап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Пешті дайындау керек. Көмір жағатын пештерді үш айда бір рет тазартқан жөн. Ал газ пештерінің техникалық жарамдылығын қазірден бастаған дұрыс, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрхат Қалдыбаев.

Қазір Ақтөбеде өрт қауіпсізді туралы ескерту беріліп жатыр. Рейд кезінде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары арнайы киіммен жүреді. Сонымен бірге тұрғындар олардан қызметтік куәлікті сұрап, күмәнданса 112-ге хабарласа алады.

— Әлі де өрт қауіпсіздігінің жоғары деңгейі бар. Қобда ауданының Әлия ауылында 10-ға жуық үй ауласындағы шөп жанды. Шөп жиналған жер мен үй арасы 15 метр болуы тиіс. Шөп жиналған жерге жақын маңда темекі шегуге болмайды, от жақпаған жөн. Ауыл шаруашылығы құрылымдары иелеріне шөп жинайтын аумақтарына минералды жолақ салу туралы айтылды, — деді Нұрхат Қалдыбаев.

Айта кетейік, Батыс Қазақстанда 465 өрт оқиғасының тең жартысынан астамы тұрғын үйде тіркеліп отыр. Салдарынан 9 адам қаза тауып, үшеуі түрлі жарақат алды

Соңғы жаңалықтар