Ақтөбеде билетсіз жолаушылар үшін жолсеріктер жазаланды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бес күн ішінде пойызға билетсіз мінген 49 адам анықталды. Вагондардың жолсеріктеріне әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде билетсіз жолаушылар үшін жолсеріктер жазаланды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның облыстық филиалымен, көліктік бақылау инспекциясымен бірге билетсіз жолаушыларды анықтау мақсатында рейд өткізді. Анықталған 55 жолаушының 49-ы соңғы бес күнде тіркелді.

«Алматы-2 - Саратов» бағытындағы пойызда билетсіз мінген 6 жолаушы анықталды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да жұмыс істейтін 3 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 2,5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар еш құжатсыз қосымша 170 келі жүк тасымалданған. Ал «Атырау - Алматы» бағытындағы 8 жолсерік пен пойыз бригадирі 12 жолаушыны билетсіз мінгізгені үшін жазаланды. «Алматы - Атырау» бағытында да 37 билетсіз жолаушы болды», - деді «Ақтөбе- адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сарапшылар кеңесінің басшысы Жанболат Тортаев.

Бұған дейін Ақтөбе теміржол вокзалындағы автотұрақ пен кассаға шағым көптеп түсіп жатқанын жазған болатынбыз.