Ақтөбеде бір аптада 27 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Демалыс» алдын алу шарасы өтті. Бір аптада 27 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде бір аптада 27 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынды

Ювеналды полиция инспекторлары түнгі уақытта ата-анасыз жүрген балаларды полиция бөлімшесіне жеткізді. «Демалыс» алдын алу шарасы кезінде барлығы 300 жасөспірімнің қараусыз қалғанын анықтады.

«Әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген 28 жасөспірім бөлімшеге жеткізіліп, 21 ата-ана жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандар көбіне бұзақылық жасайды, сөйтіп ата-анасы айыппұл төлейді. Сонымен бірге 27 жасөспірім және 29 қолайсыз отбасы есепке алынды», - дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция майоры Нұржан Мұқымов.

Ювеналды полиция инспекторлары аула, саябақ және жастар көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орталықтарында рейдтік жұмыстар жүргізді.

«Жасөспірімдер қылмыстық жазасы ауыр болатынын білмейді, сезбейді. Біз түсіндіріп, ойланбай жасаған әр істің сұрауы болатынын ұғындырамыз. Мұны ата-ана да айтып, еске салып отыруы тиіс», - деді Нұржан Мұқымов.