Ақтөбеде бір мезетте бірнеше үйдің карантинге жабылу себебі түсіндірілді

«Сәуірдің 29-30 аралығында, яғни, бір күнде Ақтөбе қаласы аумағында 71 адам COVID-19 вирусын жұқтырды. Эпидемиологиялық ахуал күрт шиеленісіп, көппәтерлі тұрғын үйлердің 50 подьезі және 20 жеке үй 14 күнге карантинге жабылды. 30 сәуір мен 5 мамыр аралығында осы үйлердің карантинге жабылған подьезінде тұратын адамдардан індет анықталды. Олардың бұрын вирус жұқтырған адамдармен байланыста болғаны расталды», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл үйлерде тағы 17 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.
«Карантинді тоқтатқан жағдайда тұрғындардың қатерлі дертті жұқтыру қаупі жоғары болмақ. Бұл үйлерде әртүрлі созылмалы сырқаты бар егде адамдар, жүкті әйелдердің, сондай-ақ балалардың тұрып жатқанын ескеріп, уақытша енгізілген шектеуге түсінікпен қарап, тәртіпті қатаң сақтауды сұраймыз. Карантин тәртібін белгіленген мерзімде алып тастау адамдардың жауапкершілігіне байланысты», - деп хабарлады баспасөз қызметі.