Ақтөбеде биыл 53 мың жұмыссызды еңбекке араластыру міндеттелді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 53 мың жұмыссызды және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанды еңбекке араластыру керек. Жоспардың 87% орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдардамалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншәлиев халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету жөніндегі «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылуы оң нәтиже беріп жатқанын айтты.
9 айдың қорытындысы бойынша 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, оның 15,6 мыңнан астамы тұрақты.
«Биыл 53 477 жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарды еңбекке араластыру жоспарданды. Жоспар 87% орындалып, 46 558 адам қамтылды. Атап айтқанда 2 мыңнан аса адам техникалық және кәсіби, соның ішінде қысқа мерзімді оқуға жіберілді. «Бизнес бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін 1498 адам оқып, тағы 1255 адам бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 695,4 млн теңгеге қайтарымсыз грант алды»,- деді Асланбек Шүйіншәлиев.
Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде аудан, ауылда тұрақты жұмыс орындарын ашу міндеттелді.