Ақтөбеде биыл 722 мың гектар алқапқа егін егіледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде биыл 722 мың гектар жерге егін егіледі. Көктемгі далалық жұмыстарына дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбеде көктемгі далалық жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Биыл егістік жерлердің жалпы аумағы 722,3 мың гектарды құрайды. Дәнді дақылдарға 375 мың, майлы дақылдарға 85,2 мың, картопқа 6,3 мың, басқа көкөністерге 4,5 мың гектар жер бөлу жоспарланып отыр.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, бүгінде тұқымның 82% дайын. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 92 %-ға жетті.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин көктемгі далалық жұмыстарды уақытылы қаржыландыруды және шаруаларға субсидия беруді, оның ішінде жоғары репродукциялы тұқымдарды, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарды сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді дизель отынымен қамтуды ерекше бақылауға алуды міндеттеді. Биыл Ақтөбе облысының көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге 9,5 мың тоннадан аса арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Бұдан бөлек, Оңдасын Оразалин жем-шөп қорын кеңейту бойынша жоспарланған жобаларға ерекше көңіл бөлуді, олардың толық әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді талап етті.