Ақтөбеде биыл 850 мың шаршы метр тұрғын үй салынады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс компанияларының басшыларымен кездесіп, сапаға мән беруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс компанияларының басшыларын жинап, көшпелі жиын өткізді. Биыл 850 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырған өңір үшін құрылыстың маңызы жоғары. Әрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын үйдің сапасы талапқа сай болуы тиіс.
«Өткен жылы жақсы жұмыс атқарылды. Биыл одан да жақсы да жұмыс істеу керек. Өйткені біздің міндетіміз - одан да көп үй тұрғызу. Өз кезегінде біз сіздерді ақша, инфрақұрылым және құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеміз, - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Ал құрылысшылар сапалы тұрғын үй салуы тиіс. «Тұрғындар шағымданған барлық кемшіліктер өз уақытында жойылуы керек», - деп тапсырды облыс басшысы.
Кейін «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы 900 орынды орта мектептің, жылу қазандығының жұмысымен танысты. Тұрғын үй алабының дамуы мен тұрғындардың көбеюіне байланысты өткен жылдың қараша айында қуаттылығы 96 Гкал болатын қазандықты кеңейту басталды. Жылу беру нысаны жаңа жылу маусымына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Энергияны тиімді пайдалану орталығына да барды. Жоба ұзақ мерзімді құрылыс нысандарының бірі болды. 2016 жылғы желтоқсанда ғимарат республикадан облыс әкімдігінің коммуналдық меншік балансына көшірілді. Қазіргі уақытта жоба аяқталу сатысында тұр.
Сонымен қатар, мұнда «Халықтық кеңсе», Ішкі істер департаментінің жедел басқару резервтік орталығы болады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауында, бұл аумақта Есет батыр Көкіұлының ескерткішін орнатылады. Ескерткіш айналасы демалыс орнына айналады.