Ақтөбеде білім басқармасы бұрынғы үш есепшіні сотқа берді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Үшеуі де өздерінің, мұғалімдердің атына артық ақша аударып, оны өз қажетіне жұмсап отырған. Облыстық білім басқармасы шығынды өндіріп алу үшін сотқа арыз түсіріп, жеңіп шықты.
Іс Шалқар аудандық сотында қаралды. Ақтөбе облыстық білім басқармасы жәбірленуші деп танылып, үш есепшіге Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды.
Шалқар қалалық № 5 мектеп-лицейінің бас есепшісі болған К.Әбдікәрімова білім ордасының сатып алулар жөніндегі есепшісі А.Шерубаева және С. Жиенғазина бірігіп, айла-амалға көшеді. Сотталушы К.Әбдікәрімова 2021 жылы жүктілігіне байланысты демалысқа шыққан. Ол өз орнына келген бас есепшінің «Қазынашылық клиент» жүйесі және «Парус» бағдарламасы арқылы дұрыс жұмыс істей алмайтынын біліп, А.Шерубаева және С. Жиенғазинаға ұсыныс айтады. Сөйтіп үшеуі өздеріне және үшінші тұлғалардың атына жалақы аударуға келіседі. Егер қылмыс әшкере болса, қателік деп есеп беруді жоспарлаған. 2021 жылы К.Әбдікәрімова мектептің қазақ тілі пәні мұғалімінің реквизиттерін пайдаланудан бастайды. Оған «мектептің қажеттілігі үшін» деп түсіндіреді. Сенген мұғалімдер есепшоттарындағы ақшаны қолма-қол алып, сотталушыларға берген. Ұйымдасқан топ мектеп директорының ЭЦҚ пайдаланады. Сөйтіп 2021 жылдың мымыры мен 2024 жылдың шілде айы аралығында бюджеттің ондаған мың ақшасын иемденіп, талан-таражға салып, жымқырған.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, іс қысқартылған тәртіппен қаралған. Сотталушы К.Әбдікәрімова кінәсін ішінара мойындады. Ақшаны үй жөндеуге, баласын емдеуге және отбасы қажеттілігіне жұмсаған. Сотталушы А.Шерубаева айыппен келіспей, кінәсін мойындамады. Бас есепші К.Әбдікәрімованың онлайн жұмыс істегенін, оның тапсырмасымен «мектеп қажеттілігі үшін» деп аударған ақшаны қолма-қол шешіп апарғанын жеткізді. Сонымен бірге сотталушы С.Жиенғазина да кінәсін мойындамады.
Шалқар аудандық білім бөлімі қылмыстық іс қозғалғанға дейін артық аударған 13 миллион теңгені кері қайтарған. Кейін есепшілердің бәрін жұмыстан шығарып, мектеп директорына қатаң сөгіс берген. Жалақының артық мөлшерде негізсіз аударылғаны аудиторлық тексеру кезінде анықталды.
Сот үкімімен К.Әбдікәрімова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кішкентай баласы болған соң жазасын тек үш жылдан кейін өтейді. А.Шерубаева мен С. Жиенғазина 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар да жазасын үш жылдан кейін өтемек. Сонымен бірге Ақтөбе облыстық білім басқармасының азаматтық талап арызы қанағаттандырылды. Үш сотталушы 43 230 582 теңге материалдық залалды өтеуі тиіс.
Айта кетейік, үш есепші жұмыстан шыққан соң өзге коммуналдық мекемеге жұмысқа орналасқан.
Еске салсақ, былтыр Шалқар ауданындағы № 5 мектеп лицейінде аудиторлық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 51 400 000 теңге болатын бұзушылық дерегі анықталды.