Ақтөбеде білім саласының жемқорлықпен айналысқан қызметкерлері сотта соңғы сөзін айтты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сотталушылардың үшеуі өз ісіне өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ал біреуі қысым көргенін, мәжбүр болғанын айтты.
Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің басшысына және Ақтөбе қаласы № 74 орта мектеп директоры, Нарқызыл негізгі орта мектебінің директоры мен Ырғыз аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісіне қатысты іс аяқталуға жақын. Оларға Қылмыстық кодекстің «Пара алу», «Пара беру», «Парақорлыққа делдал болу» баптары бойынша айып тағылып отыр. Бүгін сотталушылар соңғы сөздерін айтты.
- Үш кәмелеттік жасқа толмаған балам бар. Денсаулығы ауыр ата-анам қолымда. Ісіме өкінемін, - деді Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің басшысы Асқар Кемешов.
Нарқызыл негізгі орта мектебінің директоры мен Ырғыз аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі де өзі ісіне өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Ал Ақтөбе қаласы № 74 орта мектеп директоры өзіне қысым жасалған соң осы әрекетке барғанын, жазаны сол адам тартуы керек екенін айтты.
- Психологиялық қысым арқылы тәуелділік сезімін қалыптастырды. Филологиялық-псигологиялық сот сараптамасы да менің қорқыту, қысым, бағынышты жағдайда болғанымды, психологиялық мәжбүрлеу жағдайында әрекет жасағанымды айтты.
Параны қорқыту не мәжбүрлеу нәтижесінде берген адам пара беруші болып есептелмейді,- деді сотталушы.
Еске салсақ, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің басшысы бірнеше рет пара алған. Ол қайта аттестациялау кезінде директорлардан 50-70 мың теңге сұрап, өз қажетіне жұмсаған.