Ақтөбеде бөгеттер мен су тоғандарына жауапты басшы қызметінен кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов қызметінен кетті. Көп ұзамай ол биыл көктемде суға кеткен Қобда ауданына әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: pexels.com

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов өз еркімен жұмысынан кетті. Бірден конкурсқа түсіп, аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 

- 2024 жылдың 22 шілдесінде Б корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурс комиссиясының оң нәтижесін алған кандидаттар тізімі шықты. Комиссия шешімімен Сәбит Дүйсекеновтің кандидатурасы Қобда ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындауға ұсынылды. 23 шілде күні аталған кандидат ұсынылған лауазымға тағайындалды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Сәбит Дүйсекенов әлеуметтік желідегі парақшасында бұл қызметті үлкен тәжірибе жинағанын айтты. 

- Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының қызметінде бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жаңа тәжірибе алдым. Осы уақыт ішінде маған жүктелген сенімді ақтауға және ашық болуға, жұмыста тиімді болуға тырыстым. Өмірімнің осы маңызды кезеңінде сіздердің, әкімдіктің бүкіл ұжымының, азаматтық қоғамның қолдауына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, ашық сөйлеп, сын айтқан қоғам қайраткерлері мен белсенділерге және жаңалықтарымызды жариялаған журналистерге де еңбектері үшін алғыс айтамын,- деп жазды ол.

Айта кетейік, биылғы көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде 15 бөгет бұзылды. Үшеуі былтыр ғана қолданысқа беріліп, сыр берген. Олар Әйтеке би ауданындағы «Щербаков», «Тереңсай» және Алға ауданыдағы «Көсем» бөгеттері. Қазіргі кезде «Көсем», «Тереңсай» бөгеттерін мердігер мекемелер қалпына келтіріп жатыр. Ал «Щербаков» бөгетіне қатысты қозғалған қылмыстық іс әлі тергеуде. Сондықтан мұнда жұмыс тоқтап тұр. https://kaz.inform.kz/news/su-taskini-aktobede-buzilgan-bogetter-zhondele-me-42f55f/ Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жиналыста бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстарын баяу жүргізген басқармасы басшысы Сәбит Дүйсекеновке қызметін орнын босатуды, өзге жұмысқа ауысуды сұрады.

Соңғы жаңалықтар