Ақтөбеде бокстан ел біріншілігі өтеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Ақтөбеде бокстан ел біріншілігі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты 31 қаңтар – 6 ақпан аралығында Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында өтеді.

Пандемияға байланысты санитарлық нормалар қатаң сақталып, жарыс көрерменсіз өтеді.

«Біріншілікке еліміздің барлық облысы мен Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының құрамалары қатысады. 14 салмақ дәрежесінде 250-ден астам спортшы өзара мықтыны анықтайды (44кг, 46 кг , 48 кг , 50 кг, 52 кг, 54 кг, 56 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 80 кг, 80 кг +). Олардың арасында республикалық, халықаралық додалардың жеңімпаздары бар. Чемпионатта топ жарғандар ұлттық құрама сапына алынатын болады. Іріктелген спортшылар Азия және әлем чемпионатына барады», - деп хабарлады облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз хатшысы Ерлан Мұқан.

Айта кетейік, 2019 жылы бұл чемпионат Жамбыл облысының Шу қаласында өтті. Ақтөбелік жас боксшылар 1 алтын, 2 күміс жеңіп алған еді. Ал жалпы командалық есепте бас жүлдені Жамбыл облысы иеленді. Күміс тұғыр шымкенттіктерге бұйырса, үздік үштікті Алматы облысы түйіндеген болатын.


Соңғы жаңалықтар