Ақтөбеде болашақтықтардың қауымдастығы құрылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов ақтөбелік «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өткізді.
None
None

Басқосуға облыстық басқарма басшылары мен «Болашақ» бағдарламасының 40-қа жуық түлегі қатысты, деп жазады облыстық «Ақтөбе» газеті.

Алғаш болып жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов жиналғандарға басқосудың негізгі мақсаты Ақтөбе облысында «Болашақ» бағдарламасы тү­лектерінің қауымдастығын құру екендігін айтты.

«Болашақ» бағдарламасы 1993 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Биыл, міне, қараша айында аталған бағдарламаның жұмыс жасағанына 23 жыл толады. Осыған дейін біздің Ақтөбе облысында жүздеген түлек шетелдерден білім алып, елге оралды. Атап айтсақ, 2005 жылдан бері «Болашақ» стипендиясын алып, шетелде оқыған 291 ақтөбелік бүгінде еліміздің әр түкпірінде қызмет жасап жүр. Оның ішінде 75 түлек қазір өз өңірімізге оралған. Ал бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 34 ақтөбелік шетелдерде білім алып жатыр. Атап айтсақ, АҚШ, Ұлыбритания және тағы басқа елдерде. Олардың ішінде 7-еуі бакалавриат, 22-сі магистратура, 2-еуі докторантура бойынша білімін жалғастырса, қалғандары тәжірибе жинақтап жүр.

Сіздер экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, өнер салаларына жаңашылдық әкелетін, ерекше ойлайтын, тың идеялар ойлап табатын мамансыздар. Сондықтан сіздермен ынтымақтасып, жұмыс істеу жолдарын белгілеу үшін бүгін осы жерде бас қосып отырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша біз алдағы уақытта сіздермен бірге жұмылып, облысымыздың әлеуметтік, экономикалық дамуына белсенді түрде атсалысып, қызмет етсек дейміз. Егер сіздерге өз әлеуеттеріңізді айқындауға билік тарапынан көмек керек болса, біз әрқашан сіздерді қолдаймыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін ақтөбелік болашақтықтар сөз алып, өздерін таныстырып, еңбек етіп жүрген салаларында жеткен жетістіктерімен бөлісті. Оның ішінде Назарбаев зияткерлік мектебі директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары  Арнұр Маденов, Ақтөбе металл құрастыру зауытының қызметкері Мұрат Башымбаев, Ақтөбе кірпіш зауытының бөлім басшысы Ұлықбек Қали, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы Айгүл Раманқұловалар «Болашақ» бағдарламасының жастарға берері мол, ел келешегін кемел етер болашақтықтардың ұстанымы берік, арманы асқақ екенін жеткізді.

Басқосуда облыстық басқарма басшылары мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев өз ойларын айтып, қауымдастық құрудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында Асқар Шериязданов алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін Ақтөбеде Елбасының «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы құрылатынын мәлімдеді. Қауымдастыққа облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы жетекшілік етеді.

Соңғы жаңалықтар