Ақтөбеде бір елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды

Су тасқыны
Фото: Тobolinfo.kz

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Шалқар ауданындағы Бүйректөбе (67 разъезд) елді мекенінің тұрғындары эвакуацияланды.

Шалқар ауданында Қауылжыр өзені тасыды. Судың көтерілуі Ұлпан және Бүйректөбе елдімекендеріне қауіп төндірді. Мұнда құтқару жұмыстарын жүргізуге 50 адам мен 2 техника жұмылдырылды. Теміржол және әкімдік қызметкерлері күні-түні жұмыс істеді. Нәтижесінде Ұлпан ауылында қауіп сейілді, ал Бүйректөбенің тұрғындары эвакуацияланды.

-Қалпына келтіру пойызы жұмылдырылып, тұрғын үйлерді сақтау үшін 2 мың қап инертті материал дайындалды, су бөгеу жұмыстары жүргізілді. Шалқар қаласынан 9 шақырымдағы Бүйректөбе елді мекенінде 6 үй, 13 адам тұрады. Оның ішінде 4 тұрғын үйдің кіреберіс бөлмелеріне су кірді. Қазіргі таңда 6 адам эвакуацияланды. Бұл аумақта темір жол саласының 30 қызметкері, №7 ӨСБ 5 қызметкері эвакуациялау жұмыстарын жүргізді ,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. Адамдар Шалқар қаласына эвакуацияланды. 

Еске салсақ, Ақтөбенің Темір ауданына ҚР ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов келіп, ауданда штабқа басшылық етті. Мұнда 7 үйге, 7 көше мен 25 аулаға су кірді.

Соңғы жаңалықтар