Ақтөбеде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізіліп, оған онлайн мониторинг жүргізіледі - Антикор
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында биыл білім саласында 3 жемқорлық фактісі тіркелді. Оның екеуі аудандық білім бөлімінің басшысы, тағы біреуі қала мектебінің есепшісі.
Ақтөбе облысында балабақша, мектеп директорлары мен колледж басшылары, есепшілерді жиып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облыстық департаменті жемқорлық дерегін жою үшін жүйелерді интеграциялауды ұсынды.
- Еліміздегі білім саласында биыл 200-ден астам қылмыстық іс тіркелді. Көбіне бухгалтерлік есепте интеграция болмай, ақша жымқыруға әкеп соғып тұр. Сондықтан ішкі аудит, тексеру комиссия мен қазынашылық департаментін қосып, жиын өткіздік. Енді бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізіліп, онлайн мониторинг жүргізіледі. Себебі №55 мектепте есепші 400 млн теңгеден астам ақшаны иеленді. Мұндай дерек тағы 6 мектепте анықталды. Жыл басынан бері облыста үш іс тіркелді. Екі ауданның білім бөлімінің басшыларына қатысты іс қазір сотқа жолданды. Сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінде есепшіге қатысты іс тергеліп жатыр,- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиев.
Ақтөбеде енді білім саласындағы қызметкерлер жалақысының шегі нақтыланады. Егер есепшотқа аударылған қаржы асып кетсе, бірден тіркеледі.
- ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арасында жол картасы бекітілді. Орталықтандырылған бухгалтерия жүйесі құрылып, заңды тұлға ретінде тіркелді. Барлық қалалық мектептің бухгалтериясы орталықтандырылған жүйеге енеді. Жұмыс 2025 жылдың қаңтарынан бастап іске асады. Мақсат – жемқорлық деректі азайту. Қазір 12 ауданда осы жүйе жұмыс істеп тұр,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов.
Айта кетейік, Ақтөбеде лудоман есепші мен оған ерік беріп қойған мектеп директоры сотталды.