Ақтөбеде бұршақ жауып, үйлердің шатырын тесіп кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ырғыз ауданының Жарма ауылында электр бағаналары құлады, ал Шеңберталда үйлердің шатыры тесіліп қалды.

бұршақ
Фото: видеодан алынған скрин

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жарма ауылында қатты жел тұрып, жаңбыр жауған кезде 8 электр бағанасы құлап қалды. Салдарынан тұрғындар түні бойы жарықсыз отырды. Жарық бүгін ғана жанды. Ауылда 39 үй бар, 200-ден астам адам тұрады.

- Шеңберталда 600-ден астам адам тұрады. Бұл ауылда бұршақ жауып, үйлердің шатыр жабындысын тесіп кеткен. Онда шығынды анықтау жұмысы жүріп жатыр,- деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Айта кетейік, 9–11 мамыр аралығында Қазақстанның басым бөлігінде күн құбылмалы болады. Синоптиктер жаңбыр жауып, найзағай ойнайтынын болжап отыр.