Ақтөбеде бүйрек дауына қатысты азаматтық іс тоқтатылды

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Алтай ауылының тумасы Серікболсын Көшербай бас-ми жарақатынан кейін есін жимады. Миы өлді деген қорытындыдан соң дәрігерлер жас жігіттің қос бүйрегін екі науқасқа салып берген болатын. Баламыздың бүйрегін рұқсатсыз алды деген Серікболсын Көшербайдың туған-туыстары наразылық білдіріп, өз ойларын ашық айтқан ед і. Сотқа арыз түсіп, азаматтың іс бір ай бойы дайындық сатысынан өтті. Ал бүгін негізгі сот отырысына келген талапкер Балдәурен Нұрлыбаеваның қорғаушысы Қатарбай Раисов арызды қайтарып алды.
«Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Ақтөбе медициналық орталығы мен хирург Ерлан Сұлтангереевтен 1 миллион теңге моральдық шығынды өндіру талап арызын қайтарып аламыз. Сонымен қатар, газетте жазылған жалған ақпаратты жоққа шығару талабын да тоқтатуды сұраймыз. Үшінші тарап деп танылған Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Шамшырақ Ақтөбе» ЖШС-не қояр талап-тілегім жоқ»,- деді қорғаушы Қатарбай Раисов. Ар-намысты қорғау, моральдық зиянын өндіру ісі тоқтатылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай , Серікболсын Көшербайдың отбасы дәрігерлерден 1 миллион теңге моральдық шығын талап еткен болатын. Сот алды дайындық кезінде дін өкілдері де шақырылды .
«Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасын сотқа береміз. Дін өкілдері адамның дене мүшесін алған кезде туған-туыстарынан рұқсат сұрауы керек деп отыр. Дәрігерлер бізден рұқсат алмады әрі заң халыққа дұрыс түсіндірілмеген. Қоғамдық маңызды істі аяқсыз қалдырмаймыз»,- деді Серікболсын Көшербайдың туысы Есен Сәмиев.
Айта кетейік, облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереев Алтай ауылына барып, Серікболсын Көшербайдың отбасына көңіл айтқан.