Ақтөбеде дәнді дақылдардың 60%-дан астамы жиналды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазір барлық ауданда егін ору жұмысы жүріп жатыр. Дәнді дақылдармен қатар майлы дақыл және көкөніс те жиналды.

астық
فوتو: ۇكىمەت

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаевтің айтуынша, биыл 435 мың гектардан дәнді, 84 мың гектардан майлы дақылдар және 6 мың гектардан картоп және көкөніс, бақша дақылдары жиналады. Бүгінде 275 мың гектар аумақтағы дәнді дақылдар жиналды. Бұл дегеніміз 63%-ға тең. Барлығы 361 мың тонна астық бастырылды. Қазіргі кезде әр гектарынан орташа есеппен 13,2 центнер түсіп жатыр.

- Астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 685 мың тоннаны құрайды. Бұл жиналатын өнімді толық сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта элеваторларда 114 мың тонна астық сақтаулы. Жалпы сыйымдылықтың тек 28% жүктелген. Оның ішінде биыл жиналған астықтан 90 мың тонна қабылданды. Егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті ауыл шаруашылығы техникалары мен дизель отыны жеткілікті,- деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.

Айта кетейік, елімізде шаруалар 9,6 млн гектар алқаптан дәнді дақылдар жинаған, бұл жалпы көлемнің 61,6%-ын құрайды. Бүгінде орташа өнімділігі гектарынан 14,1 центнер болатын 13,5 млн тонна астық бастырылды.