Ақтөбеде дәрігер өліміне қатысты іс жабық өтеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе медицина орталығының дәрігеріне қатысты іс жабық қаралады. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айып тағылып отыр.

Ақтөбеде дәрігер өліміне қатысты іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Бүгінде күдіктіге Қылмыстық кодекстің «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу»,«Зорлау», «Адам өлтіру», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» баптары бойынша айып тағылып отыр.
- Қылмыстық істе зорлау бабы бойынша айып тағылып жатқан соң Қылмыстық процестік кодекс нормасына сай іс жабық қаралады. Алғашқы сот отырысы 4 қыркүйек күні өтеді. Сотқа тек процеске қатысушылар жіберіледі, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, биыл көктемде Ақтөбе қаласында Ақтөбе медицина орталығының дәрігерін өлтіріп кетті. Кейін күдікті полицияға қарсылық көрсетіп, қашты. Сол кезде көлік аударылып қалғанымен, күдікті тергеу изоляторына жеткізілді.