Ақтөбеде дәрігерлік амбулатория жеке үйдің сарайын жалдап отыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы Ақжар-1 ауылында 2 мыңнан астам халық шағын медициналық амбулаторияда ем қабылдайды. Мұнда бір дәрігер мен екі медбике жұмыс істейді. Жеке үйдің ауласындағы сарайды жалдап отырған медициналық мекеме ауылға ғана емес, жан-жақтағы 10-нан астам саяжай аумағына көшіп келген адамдарға қызмет көрсетеді. Амбулаторияға тіркелгендер саны бір жылда 500 адамға өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласы іргесіндегі Ақжар-1 ауылы Қарғалы селолық округіне қарайды. Бұл ауылда әлеуметтік нысандардың бәрі өткен ғасырда салынған, тіпті, ұзақ жылдар бойы нақты орны мен ғимараты белгіленбеген.
Ауылдағы шағын дәрігерлік амбулатория «Медикус центр» ЖШС-не қарайды. Мемлекеттік тапсырысты орындап отырған жеке медициналық мекеме ұзақ жылдары бойы мектептің бір бөлмесін жалға алып отырды. Ал 2014 жылдан бастап өз қызметкерінің сарайын жалға алған.
«Бізге дәрігерлік амбулатория қажет. Шағын ғана медициналық бекеттің іші тар, күтіп отыратын жеріне кейде сыймай қаламыз. Ауылда халық саны күн санап артып келеді. Біз осы жерге қаралып, кейін бес аялдамадан кейін орналасқан орталыққа түрлі анализ тапсыруға барамыз. Екі жүріс, шығын, уақыт»,- дейді ауыл тұрғыны Бақытқали Жалашев.
Ақжар-1 ауылындағы медициналық амбулатория ауылдағы алты көшенің 1 мыңнан астам тұрғыны мен «Новый», «Поиск-1», «Поиск-2», «Восток», «Сольничный», «Геофизик», «Олимпист», «Трикотажный», «Буровик» секілді оннан астам саяжайды мекендеген адамдарға қызмет көрсетеді. Барлығы 2300-ден астам адам медициналық бекетке тіркелген. Дәрігер Ақмарал Ерекешованың айтуынша, бір жыл ішінде тіркелгендер саны 500-ге артып отыр.
«Таңғы сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін дәрігер қабылдауы жүргізіледі. Күніне 35-40 адам қаралады. Ал түстен кейін 10-12 шақыртуға барамыз. Бұл жерде екпе беріледі, система құйылады», - дейді А.Ерекешова.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, медициналық мекеме өз қызметкері, яғни, медбикенің сарайын жалға алып отыр. Қазіргі күні бір аула ішінде екі үй және медициналық бекетке берілген сарай тұр. Амбулатория 60-тан астам жүкті әйелге, бір жасқа толмаған 95 балаға қызмет көрсетеді. Ал бес жасқа толмаған балалар саны 700-ден асады. Бұл балалар бірер жылда мектепке баруы тиіс. Ауылдағы мектептің жайы да мәз емес. Мектеп үш ауысымда білім береді.
Мектебі ескі, үш ауысымды. Кезінде бастауыш класқа арнап тұрғызылған білім ордасы 32 балаға шақталған. Қазір мұнда 100-ден астам оқушы білім алып жүр.
«Ұзақ жылдар бойы мектеп мәселесі шешілмей келе жатыр. Қала әкімі тапсырма беріп, құрылыс және сәулет бөлімі жобалық-сметалық құжат пен мектептің орнын әзірлеп жатыр. Құжат дайын болған соң, құрылыс мәселесі шешіледі»,- деді Қарғалы селолық округінің әкімі Алмаз Әлімбаев.
Айта кетейік, ауылда дәріхана да жоқ. Басы ауырып, қызуы көтерілген кез келген адам Қарғалы селолық округінің орталығына баруы тиіс. Бұл түн ішінде өте қиын.