Ақтөбеде дәріні дүкен мен кемпингте сатқандар анықталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі аудан прокурорлары рейдке шығып, азық-түлік дүкенінде, кемпингте дәрі-дәрмек сатылғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байғанин аудандық прокуратурасы дәріханалардағы бағаны тексерді. Рейд кезінде сұранысқа ие «Цефтриаксон», «Ципрофлоксацин» дәрісінің құны шекті бағадан асырылғаны белгілі болды. Кейбірі медициналық препараттар мен дәрі сатуға рұқсаты болмаса да антибиотик сатумен айналысқан. Заңсыздық тіркеліп, хаттама облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.
«Ноғайты ауылында орналасқан «Нұрай» дүкенінде 62 түрлі дәрі санылғаны анықталды. Бәрі тәркіленді. Сонымен бірге Жарлы ауылында арнайы жабдықталмаған ғимаратта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатылған», - деді Байғанин ауданының прокуроры Ақеділ Үсенов.
Хромтауда да рейд жүрді. «Самара-Шымкент» тасжолының бойында орналасқан «Аманат» кемпингінің лицензиясы болмаса да дәрі сатқан.
«Кемпингтер «Антигриппин-П», «Новокаин», «Лидокаин», «Мезим», «Де-Нол» секілді 40-тан астам антибиотик тәркіленді. Хаттама толтырылып, бәрі облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды», - деді Хромтау ауданының прокуроры Аман Мәжитов.