Ақтөбеде дәстүрлі Президенттік шырша өтті

Жаңажылдық ертеңгілікке облыс орталығынан және аудандардан, Алға балалар үйі мен отбасылық балалар үйлерінен оқу үздіктері, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары, ата-ана қамқорынсыз қалған және тұл жетім балалар, мүгедек балалар келді.
Алдымен балаларға ақтөбелік «Алақай» қуыршақ театрының әртістері өз өнерлерін көрсетті, одан кейін шырша жанында Аяз ата және Ақшақардың қатысуымен жаңажылдық қойылым басталды. Балалар бейбітшілік пен достық орнаған ертегілер әлемінен бір-ақ шықты. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, облыстық мәслихат хатшысы Балғали Ордабаев, білім саласының өкілдері балалармен бірге шырша жанында ән шырқады.
Ең салтанатты сәтте бейнемонитор арқылы балаларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады, одан кейін оларға Президенттің атынан сыйлықтар табыс етілді.
Мерекелік бағдарламадан кейін балаларға арнап «Асату» мейрамханасында дастархан жайылды.