Ақтөбеде дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы үш жылдан бері тоқтап тұр. Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылыс материалы қымбаттап, қайта жобалауға тура келгенін хабарлады.

Ақтөбе қаласы Алтын орда ауданында екі қабатты зәулім спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Жоба құны – 1,7 млрд теңге.
– Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесіне сәйкес «Интерстиль» ЖШС-і 2021 жылдың 18 маусымы күні құрылыс – монтаж жұмысын бастады. Нысанның жалпы сомасы – 1,7 млрд теңгеден асады. Бүгінгі күні игерілген қаржы – 706 млн теңгеден асады. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптамасының оң қорытындысы алынды. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деп жауап берді Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Kazinform тілшісінің сауалына.
Еске салсақ, 2021 жылы басталған құрылыс былтыр аяқталуы тиіс болатын. Кешеннің жалпы аумағы – 4 800 шаршы метр. Мұнда спорт залдарынан бөлек бассейн болады. Сонымен бірге 200 көрермен орындығы бар әмбебап зал да қарастырылған.