Ақтөбеде Димаш Құдайберген бейнеленген картина сатылымға қойылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкерлер қайырымдылық балын өткізді. Аукцион кезінде әнші Димаш Құдайбергеннің портреті сатылымға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе облысының кәсіпкерлері бүгін үлкен қайырымдылық балын өткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың ата-аналарына арнайы сертификат табыс етті. Шара «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен және Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қайырымдылық кешке мемлекеттік органдардың, бизнестің, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен депутаттар шақырылды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев та қатысты

«Көмек беру, қолдау көрсету қазаққа тән қасиет. Біздің осы ерекшелігіміз көпке үлгі. Өзге ұлт өкілдері де қазақтың қайырымды істерін үлгі етіп, сыйлайды. Ақтөбе кәсіпкерлеріне алғыс айтамыз. Бұл кеш Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып, адамдарға ерекше көңіл-күй сыйлайтынына сенімдіміз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, қайырымдылық бал кезінде бес отбасының әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Бірінші сертификат І топ мүгедегі Сергей Островскийге берілді. Ол «Даму-Көмек» бағдарламасы арқылы компьютер мен кеңсе жиһаздарын алып, зағип және көру қабілеті нашар адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету класын ашты. Қазіргі кезде кәсіпкер тұрақты ғимарат таппай, өз жәрдемақысын кеңсе жалдауға төлеп отыр. Алдағы уақытта өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы Іскер әйелдер кеңесі Сергей Островскийдің мемлекеттік сатып алулар мен конкурстарға қатысуы үшін құқықтық мәртебе алуға, қоғамдық бірлестік құруына қолдау жасамақ.

Екіншісі - 26 жастағы Әмірше Орынбасаров. ІІ топ мүгедегі кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, ер адамдарға арналған шаштараз ашу бизнес-жобасын қорғап шықты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы арқылы 240 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды. Бүгін берілген қаржы қосымша жабдықтар сатып алуға және кеңсені жалға алу үшін жұмсалады.

Үшіншісі - Ізмұрат Сүгіртаев. І топ мүгедегі жолаушылар тасымалымен айналысып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, пәтер жөндеуге мүмкіндік алды.

Төртіншісі - Есет және Бекет атты туа бітті сал ауруна шалдыққан екі баланың анасы Жанна Калина. Ол үйінде отырып торт, кондителік бұйымдар пісіреді. Қаржы балалардың мүгедектік арбасын жаңартуға қажет болды.

Бесіншісі - Гүлнұр Досмұхамбетова. Қаржы ақ қан ауруына шалдыққан төрт жастағы Ақжан Әкімғалидің еміне жұмсалады.

null
Қайырымдылық балы кезінде кіру билеттері сатылып, түрлі картиналар, аспаздық студиялары мен әсемдік салондарының, киім дүкендерінің және косметика бұйымдары орталықтарының сертификаттары аукционға қойылды. Ең қымбаты әнші Димаш Құдайбергеннің картинасы болды. Картина бағасы 100 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге жетті. Ақтөбелік кәсіпкер, депутат Асхат Айтжанов сатып алып, өз лебізін білдірді.

«Димаш Құдайберген қазақтың атын әлемге танытып жүрген әнші әрі жерлесіміз. Ал анасы Света Айтбаева біздің әріптесіміз. Қазақтың балалары осындай болсын», - деді кәсіпкер.

null
Димаш Құдайбергеннің «Дала жұлдызы» атты картинасын ақтөбелік суретші Айдар Еспаев майлы бояумен салған.

Айта кетейік, шара ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған «Атамекенім» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар