Ақтөбеде егін ору науқаны басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазіргі кезде күздік, сонымен бірге бірер шаруашылықта жаздық бидайды ору жұмысы жүріп жатыр. Өңірдегі қоймалардың сыйымдылығы — 685,1 мың тонна.

Ақтөбе облысында биыл 756 мың гектар жер игерілді. Оның 426 мың гектардан астамы дәнді дақыл болса, 60,3 мың гектары майлы дақыл. Биыл астық жинау науқанына 600 комбайн, 1,5 мың трактор, 800 трактор тіркемесі жұмылдырылды.
— Шілденің үшінші онкүндігінен бастап күздік дақылдар мен ішінара жаздық дақылдарды жинау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 20 мың гектардан астам алқаптан 26 мың тоннадан астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 13,1 центнер. Тамыздың 20-нан кейін дәнді дақылдарды жаппай жинау басталады. Ауа райы қолайлы болған жағдайда науқан шамамен 20 күнде аяқталмақ, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыста астық қоймаларының сыйымдылығы 685,1 мың тонна болып тұр. Бұл Ақтөбеде жиналатын астықты сақтауға жетеді.
— Шаруашылықтарға 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Литрі — 250 теңге. Бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен, — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев.
Айтып өтейік, Ақтөбеде биыл 1,8 млн тонна мал азығы дайындалады. Бұл 1 жылға арналған мал азығы.